22 августа 2026 г.
Соңғы 6 жылда газға қолжетімділікке 4 млн қазақстандық ие болды
Соңғы 6 жылда Қазақстанда газға қолжетімділік 4 млн адамға артты, газдандыру деңгейі 51%-дан 64,2%-ға өсті.

Қазақстанда табиғи газға қолжетімділікті кеңейту бойынша ауқымды жұмыс жалғасуда. Соңғы алты жылда елдегі газдандыру деңгейі 51%-дан 64,2%-ға дейін өсті. Осы уақыт аралығында шамамен 4 млн қазақстандық табиғи газға қол жеткізді — газбен қамтамасыз етілген тұрғындардың саны 9,1 млн-нан 13,1 млн адамға дейін артты.
Осы жылдар ішінде 1 мыңнан астам елді мекен газдандырылып, 20 мың км газ тасымалдау желілері салынды.
Бұл көрсеткіштердің өсуіне газ тасымалдау және газ тарату жүйелерін дамытуға бағытталған инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ жаңа елді мекендерді қосу үлкен септігін тигізді.
2025 жылдың қорытындылары бойынша табиғи газ 94 елді мекеннің 354 мыңнан астам тұрғынын қамтыды. Жыл ішінде шамамен 2 мың км газ тарату желілері салынды.
2026 жылы газ инфрақұрылымының дамуы жалғаса береді. 7 аяқталмаған және 33 жаңа жоба барлығы 40 жоба жүзеге асырылуда. Осы жылы қолға алынған жобалар аясында шамамен 36 мың адам табиғи газға қолжетімділікке ие болады деп күтілуде.
Читайте также:
Солтүстік аймақтарды газбен қамтамасыз етуге ерекше маңыз беретін жоба — «Ишим – Астана» магистральды газ құбырын салу жобасы. Оны жүзеге асыру жөніндегі меморандум Қазақстан Үкіметі мен «Газпром» ЖАҚ арасында қол қойылды. Жоба Астана, Көкшетау және Петропавлды сенімді газбен қамтуды қамтамасыз етеді, сондай-ақ, елдің солтүстік аймақтарына табиғи газ тасымалдау маршруттарын әртараптандырады.
Газдандыруды әрі қарай кеңейту Мемлекет басшысының 2035 жылға қарай халықтың 80%-ын табиғи газбен қамтамасыз ету тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылады.
Газдандыру елдің энергетикалық инфрақұрылымын дамытудың негізгі бағыттарының бірі. Табиғи газға халықтың қолжетімділігін кеңейту өмір сапасының жақсаруына, аймақтардың дамуына және Қазақстанның энергетикалық қауіпсіздігінің нығаюына ықпалын тигізеді. Бұл туралы Энергетика министрлігінің сайтына сілтеме жасап ТҚК24 хабарлайды.
Фото: gov.kz











