Все новости

Жетісуда жастар Алакөл жағасында экологиялық акция өткізді

Алакөл жағасында экологиялық акция өтті. 100-ге жуық адам 1,2 тонна қоқыс жинады, табиғатта тазалық сақтау бойынша жұмыстары жүргізілді.

Жетісуда жастар Алакөл жағасында экологиялық акция өткізді

«Таза Қазақстан» атты ұлттық экологиялық бағдарлама аясында Алакөл көлі жағасында аумақты тазалау акциясы өтті. Ақши ауылында ұйымдастырылған «Таза пост – Алакөл» экологиялық акциясына 100-ге жуық адам қатысты. Тазалау барысында 1,2 тонна қоқыс жиналып, шығарылды деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Акция барысында демалушыларға қоқыс жинау үшін қолғаптар мен қаптар берілетін экологиялық қораптар ұсынылды, ал балаларға шағын сыйлықтар әзірленді. Демалушылар да Алакөл көлі жағасы мен оған жақын аумақтан тұрмыстық қалдықтарды жинауға және тазартуға қатысты.

"Мен өзім тазалыққа үлкен мән беремін. Бүгін біз мұнда екінші күн демалудамыз. Жағалауға қоқыс жәшіктері, киім ауыстыратын орындар, заманауи санитарлық тораптар орнатылған, барлық қажетті жағдай жасалған. Соған қарамастан, жағалауға бей-берекет қоқыс тастайтын демалушылар бар. Мен әрдайым немерелерімді қоқысты арнайы контейнерлерге тастауға үйретемін. Бүгін біз де экологиялық акцияға қатысып, тазалықты сақтау үшін өз үлесімізді қостық. Демалушыларды қоршаған ортаны ластамауға және тазалықты сақтауға шақырамын," — дейді зейнеткер Заираш Жабелова.

Акцияны ұйымдастырған «Jetisu jastary» КММ өкілдері, іс-шараның басты мақсаты – Алакөл көлінің табиғи тазалығын сақтау, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыру және демалушыларды табиғатты қорғау бойынша нақты әрекеттерге тарту екенін айтты.

"Акция барысында қатысушыларға қоршаған ортаны ластаудың жол берілмейтіні, қоқысты арнайы контейнерлерге тастау керектігі және демалыс орындарын таза күйінде сақтау туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Экоакция бір күндік тазалаумен шектелмейді және экологиялық жауапкершіліктің күнделікті әдетке айналуына бағытталған," — деді Жетісу облысы бойынша Қазақстан студенттері Альянсының омбудсмені Әкерке Қызайбай.

Бұл туралы ЖКХ24 Жетісу облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Фото: gov.kz

Последнее