14 қазан 2026
Шымкент қаласының Улагат шағынауданында кәріз жүйесі іске қосылды
Шымкент қаласының Улагат шағынауданында кәріз жүйесі іске қосылып, 2200-ден астам абонент орталық жүйеге қосылу мүмкіндігін алды.

Шымкент қаласының Улагат шағынауданында кәріз жүйесі іске қосылды, бұл 2 200-ден астам абонентке орталықтандырылған жүйеге қосылу мүмкіндігін береді.
Улагат шағынауданында кәріз желілерін салу бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, 2021 жылы мемлекеттік сараптамадан оң қорытынды алынды. 2022–2023 жылдары құрылыс жұмыстарына бюджет қаражаттары бөлінді. Құрылыс жұмыстарын «АлемСтрой-1» ЖШС мердігерлік ұйымы жүзеге асырды. Нысанды қабылдау актісі 2024 жылдың соңында рәсімделді. Жоба аясында жалпы ұзындығы 40,9 шақырымды құрайтын кәріз желілерінің құрылысы толық аяқталды деп хабарланып, жұмыс орындалуының көрсеткіші 100% деп жарияланды.
Алайда мердігерлік ұйымның тарапынан жұмыстар толық көлемде орындалмай, құрылыс көлемі мен сапасы бойынша бірқатар сәйкессіздіктер анықталды. Тексеру нәтижесінде міндеттемелерін тиісінше орындамаған мердігерге қатысты тиісті шаралар қабылданды. Атап айтқанда, төрт көшеде кәріз құбырлары жалпы ұзындығы шамамен 700 метрге төселмеген, кәріздік сорғы станциясы жұмыс істемеген, құдықтар бітелген, ал жол жабыны қалпына келтірілмеген.
Сондай-ақ оқыңыз:
Анықталған ақауларды жою мақсатында Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының ұйымдастыруымен демеушілік қаражат есебінен жетіспейтін құбыр учаскелері төселіп, кәріздік сорғы станциясы іске қосылды. Сонымен қатар, құдықтар тазаланып, олардың негіздері бетонмен бекітілді. Қазіргі уақытта кәріз жүйесі пайдалануға берілді. Орталықтандырылған кәріз жүйесіне қосылу үшін тұрғындар eGov электрондық үкімет порталы арқылы «Су құбыры және кәріз басқармасы» МКҚК-не өтініш беруі қажет.
Бұл туралы Шымкент қаласы энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының сайтындағы ақпаратқа сілтеме жасай отырып, ТКШ24 хабарлайды.
Фото: gov.kz