Все новости

Шымкентте жылу маусымына дайындық жоспарға сәйкес жүргізілуде

Шымкентте 2026-2027 жылдардың жылыту маусымына дайындық жоспарға сәйкес жүргізілуде. Арнайы штаб құрылып, жұмыстар кезең-кезеңімен өтуде.

Шымкентте жылу маусымына дайындық жоспарға сәйкес жүргізілуде

Шымкентте 2026-2027 жылдардың жылыту маусымына дайындық бекітілген іс-шаралар жоспарына сәйкес жүзеге асырылуда. Дайындық жұмыстарын үйлестіру мақсатында арнайы штаб құрылды, ал жылу шаруашылығы нысандарын дайындау кезең-кезеңімен жүргізілуде.

Бұл туралы қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасы басшысының орынбасары Азат Қайнарұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте мәлім етті.

Қаланың жылу желілерінің жалпы ұзындығы 838,6 километрді құрайды. Оның ішінде 152 километрі магистральдық, 686,6 километрі ішкі аудандық желілерге тиесілі. Жылу желілерінің тозуы 37% құрайды.

Биылғы жылдың сәуір айынан бастап магистральдық және ішкі аудандық желілерде гидравликалық сынақтар жүргізілуде, нәтижесінде 135 ақау анықталды. Олардың 108-і жойылды. Қалған 27 ақауға қатысты жөндеу жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жалғасуда. Бүгінгі таңда қаланың 31 автономды қазандықтарының 29-ы, 17 сорғы станцияларының 15-і дайындалған, сондай-ақ 2241 көпқабатты тұрғын үйдің 2134-і дайындалған. Барлық 463 бюджеттік мекеме қажетті дайындықтан өтті. Олардың қатарында білім беру, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және жұмыспен қамту салаларының нысандары бар.

Сонымен қатар, алдағы жылыту маусымына «3-Энергоцентр» АҚ негізгі жабдықтарын дайындау жұмыстары жүргізілуде. Жылу желілерінің тозуын және апаттылық деңгейін төмендету мақсатында ішкі құбырлы диагностика жүргізілуде. Жоспарланған жұмыстар аясында магистральдық жылу желілері ұзындығы 5 километр және диаметрі 720 миллиметрге дейін жеті учаскеде тексерілді. Диагностикалық жұмыстар толықтай аяқталды.

Жалпы, қала жылу жүйелерін алдағы жылыту маусымына сапалы дайындау және тұрғындарды тұрақты жылумен қамтамасыз ету жұмыстары бекітілген жоспарға сәйкес жалғасуда, деп хабарлайды ТКШ24 Шымкент қаласының энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының сайтына сілтеме жасап.

Фото: gov.kz

Последнее