5 сентября 2026 г.
Астананың Байқоңыр ауданында бос жатқан жер абаттандырылып, жаңа қоғамдық кеңістік құрылды
Астананың Байқоңыр ауданында жаңа қоғамдық кеңістік пен балалар ойын алаңы ашылды, тұрғындар үшін спорттық және демалыс орны жасалды.

Астана қаласы Байқоңыр ауданындағы бұрын бос жатқан аумақта жаңа балалар ойын алаңы ашылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Мұнда кешенді абаттандыру жұмыстары жүргізілді: үлкен футбол алаңы, спорттық жаттықтырғыштар орналасқан воркаут аймағы, балалар ойын алаңы және тұрғындарға арналған демалыс орны жасалды.
Жергілікті тұрғындар бұл кеңістікті ұзақ күтті. Енді балалар ойын алаңында ойнай алады, жастар спортпен шұғылдана алады, ал тұрғындар абаттанған аумақта серуендеп, таза ауада демала алады.
Жаңа қоғамдық кеңістік тұрғындардың белсенді демалысы мен салауатты өмір салтын ұстануына қолайлы жағдай жасайды.
Тұрғындарға жайлы және жылы орта құруға бағытталған абаттандыру жұмыстары аудан аумағында әлі де жалғасуда.
Айта кету керек, бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаланың инфрақұрылымын дамыту, абаттандыру және көгалдандыру бойынша жүйелі жұмысты жалғастыруды тапсырған болатын. Қазіргі уақытта елордадағы барлық алты ауданда абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Соңғы жылдары Астанада шамамен 500 қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылды.
деп хабарлайды ТКШ24 Астана қаласы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының сайтына сілтеме жасап.
Фото: gov.kz