Барлық жаңалықтар

Астанада жастар ғимараттардың қабырғасындағы заңсыз граффитилерді өшірді

Астанада жастар заңсыз граффитилерді өшірді, акция Байқоңыр ауданында өтті.

Астанада жастар ғимараттардың қабырғасындағы заңсыз граффитилерді өшірді

Астана қаласында Байқоңыр ауданында «Құқық пен тәртіп» бастамасы аясында «Вандализмге жоқ дейміз» акциясы өтті. Іс-шараға қатысқан жастар мен еріктілер Абай көшесі бойынша ғимараттардың қабырғаларындағы заңсыз граффитилерді өшіріп тастады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Бұл шара Байқоңыр ауданының ішкі саясат бөлімі, аудандық полиция басқармасы және «Әділет» партиясының жастар қанаты - «Жастар рухы» ұйымымен бірлесіп ұйымдастырылды.

«Мұндай жазулар қаланың сыртқы келбетін бұзып қана қоймай, кейде заңсыз есірткі жарнамасын да қамтып жатады. Дәл осы себепті өз құрдастарымыздың қауіпсіздігі үшін біз осындай акцияларға қатысамыз, және қаламыздың таза әрі қауіпсіз болатынына үміттенеміз. Рұқсатсыз ғимараттарда сурет салатындарға айтарым: бір сәт ойлану керек. Бұл - өзгенің меншігі. Егер шығармашылықпен айналысқыңыз келсе, оған арнайы бөлінген жерлерде жүзеге асырыңыз», — деп атап өтті «Әділет» партиясының жастар қанаты — «Жастар рухы» кеңесшісі Диана Жолмұхамбетова.

Байқоңыр ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі басшысы Арман Баянбеков аудан бойынша вандализмнің алдын алу жұмыстары үнемі жүргізілетінін де баса айтты.

"Биыл біз полиция және еріктілер ұйымдарымен бірлесіп, есірткі жарнамасы бар граффитилерді анықтап, жою бойынша сегіз рет рейд өткіздік. Нәтижесінде 12 осындай жазу анықталып, өшірілді. Бұл бағыттағы жұмыс болашақта да жалғасатын болады", — деді Арман Баянбеков.

Аудан әкімдігі полиция және еріктілермен бірлесе отырып, вандализмнің алдын алу және заңсыз жазуларды жою жұмыстарын жалғастыруды көздеп отыр.

деп хабарлайды «ТКШ24» Астана қаласының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының сайтына сілтеме жасай отырып.

Фото: gov.kz