4 августа 2026 г.
Астанада жастар «Таза Қазақстан» акциясы аясында Мұғалімдер Скверінде экологиялық сенбілік өткізді
Астанадағы Мұғалімдер Скверінде «Таза Қазақстан» акциясы аясында экологиялық сенбілік өтті.

Астанадағы Мұғалімдер Скверінде республикалық «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында экологиялық бағыттағы іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Акцияның қатысушылары – «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбаздары – сквер аумағын қоқыстан тазалап, арам шөптерді жұлып тастады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның негізгі мақсаты – тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру, қоршаған ортаға ұқыпты қарау дағдыларын дамыту және қаладағы тазалық мәселесіне қоғам назарын аудару.
Астана қаласы Байқоңыр ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі бас маманы Нұрислам Батырбектің айтуынша, іс-шара аудан әкімдігінің қолдауымен өтті.
«Сенбілікке «Жасыл ел» еңбек жасағының шамамен 70 белсендісі қатысуда. Бұл бастама Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қоршаған ортаны қорғау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында жүзеге асуда. Мұғалімдер Сквері – аудан тұрғындарының сүйікті демалыс орындарының бірі. Осындай аумақтардың тазалығы тұрғындардың жайлылығы мен денсаулығына тікелей байланысты. Біздің міндетіміз – парк абаттандыруымен қатар жастарға еңбекқорлықты, табиғатқа ұқыпты қарауды және экологиялық жауапкершілікті дарыту», – деді ол.
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы BINOM School мектеп-лицейдің он бірінші сынып оқушысы, «Жасыл ел» жасағының белсендісі Диана Ермағанбет табиғатты қорғау – әрбір азаматтың міндеті екенін атап өтті.
«Мен «Жасыл ел» жасағына өткен жылы да қатысқанмын. Табиғат пен туған қалама пайда тигізгенім ұнайды. Мұнда жаңа достар табуға және жақсы ұжымда жұмыс істеуге болады. Табиғатты сақтау қоқыс тастамаудан басталады. Табиғат біз секілді. Көшелерді ластау оларға зиян тигізеді. Қаланы күнделікті тазартатын жұмысшылардың еңбегін бағалап, жүргенде қоқыс тастамай және қоршаған ортаны бүлдірмейық», – деді ол.
Фото: gov.kz
