24 қыркүйек 2026
Анкарада қазақстандық электромонтерлар Тұран әлемі елдерінің халықаралық байқауында үздік атанды
Анкарада өткен Тұран әлемі елдерінің халықаралық байқауында қазақстандық электромонтерлар үздік атанды.

Қазақстандық электромонтерлар 21-23 қыркүйек аралығында Анкарада өткен Тұран әлемі елдерінің халықаралық байқауында үздік атанды. «2026 жылы ең үздік электр тарату желісі командасы» жарысына Тұран ұйымына мүше елдердің энергетика саласының өкілдері қатысты.
Түркия, Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қазақстан, Венгрия және Түркіменстан мамандары жарыста өз шеберліктерін паш етті.
Қазақстан атынан Тұран әлемі жарысында «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС (Қазақстанның коммуналдық жүйелері тобына кіреді) және Ақтөбе қаласындағы «Энергосистема» ЖШС мамандары қатысты.
Жарыстың қорытындысы бойынша, қазақстандық команда кәсіби дайындықтың жоғары деңгейін, практикалық шеберлікті және командалық ынтымақтастықты көрсетіп, бірінші орынды иеленді. Сонымен қатар, командаға «Ең табысты команда» арнайы номинациясы берілді.
Жарыс TEDAŞ оқу базасында өтті және электр жабдықтарымен жұмыс жасаудағы кәсіби шеберлікті және электр тарату жүйелерін пайдаланудағы қауіпсіздік талаптарын меңгерудің практикалық дағдыларын көрсетуге бағытталды.
Сондай-ақ оқыңыз:
Байқау тапсырмалары аясында қатысушылар жоғары вольтті тарату трансформаторының істен шыққан сақтандырғышын ауыстыру бойынша практикалық жұмыстарды орындады. Бұл тапсырма төмен және орта кернеулі жұмыстарды дәйекті орындауды, жергілікті тұйықтауды, сақтандырғышты ауыстыруды және қауіпсіздік талаптарын сақтауды талап етті.
Қатысушылардың жұмыстарын халықаралық қазылар алқасы бағалады. Нәтижелерді анықтауда операцияларды дұрыс орындау, еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау, тапсырманы орындау уақыты, сондай-ақ тиімді және заманауи техникалық шешімдерді қолдану ескерілді.
Қазақстанның халықаралық жарыстарға қатысуы энергетик мамандардың тәжірибе алмасу алаңына айналып, қазақстандық электромонтерлар деңгейінің халықаралық аренада көрінуіне мүмкіндік берді.
Бұл туралы ЖКХ24 сайты Энергетика министрлігінің сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: gov.kz