22 июля 2026 г.
Қазақстан энергетика саласында: энергетикалық нысандарды бақылауда жасанды интеллект технологиялары енгізілуде
Қазақстанда энергетикалық инфрақұрылымды бақылауда жасанды интеллект пен пилотсыз ұшу аппараттары енгізілуде.

Қазақстанда Цифрландыру жылы аясында энергетика саласында заманауи сандық шешімдерді енгізу жалғасуда. Энергетика министрлігі энергетикалық инфрақұрылымның сенімділігін арттыруға, өндірістік процестердің тиімділігін және персоналдың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған сандық трансформацияға ерекше назар аударып отыр.
Осы бағыттардың бірі ретінде «Самұрық-Энерго» АҚ жүзеге асырып жатқан энергетикалық инфрақұрылымға мониторинг жүргізуде жасанды интеллект және пилотсыз ұшу аппараттарының қолданылуы атап өтілді.
Жаңа сандық шешімдер электр желілері, трансформаторлар, түтін мұржалары, көмір қоймалары және гидротехникалық құрылыстарды автоматтандырылған тексеріс арқылы бақылауға мүмкіндік береді. Жасанды интеллект арқылы алынған мәліметтерді автоматты түрде талдау, ықтимал ақауларды ерте кезеңде анықтау және оларды жою бойынша ұсыныстар қалыптастырылады.
Әсіресе, электр желілері мен энергетикалық жабдықтарды тексеруде пилотсыз ұшқыш құрылғыларын қолдану инспекция жүргізу уақытын 5-10 есе қысқартады. Түтін мұржаларын бақылау бірнеше күннің орнына шамамен екі сағатта жүргізіледі және биіктік жұмыстарын орындау қажеттілігін жояды.
Сонымен қатар, аэромониторинг технологиялары көмір қорларын бақылауға қолданылады. Аэрофототүсірілім негізінде қоймалардың үшөлшемді модельдері жасалып, жасанды интеллект көлемді 99% дәлдікпен автоматты түрде есептейді. Мәліметтерді өңдеу уақыты бірнеше күннен 20 минутқа дейін қысқарады.
Сандық құралдар гидротехникалық құрылыстарды бақылауда да қолданылады. Аэрофототүсірілім және жылу бақылауының мәліметтерін талдау арқылы конструкциялардың тұтастығының бұзылуын уақытылы анықтап, технологиялық қауіптерді болдырмау үшін алдын-алу шаралары қабылданады.
Жасанды интеллект пен сандық мониторинг технологияларын енгізу энергетикалық инфрақұрылымның сенімділігін, өндірістік процестердің тиімділігін және өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыруға ықпал етеді, бұл Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігінің саланы сандық трансформациялау бағытына сәйкес келеді. Бұл туралы Энергетика министрлігінің сайтына сілтеме жасап, ТҮКШ24 хабарлайды.
Фото: gov.kz
