13 қазан 2026
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды азаматтарды қабылдады
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды азаматтарды қабылдады, тұрғындар әлеуметтік мәселелер көтерді.

Алматы әкімі Дархан Сатыбалды азаматтарды жеке қабылдады. Іс-шара барысында тұрғындар мен қоғамдық ұйым өкілдері тұрғын үймен қамтамасыз ету, әлеуметтік қолдау, көркейту, көлік инфрақұрылымын дамыту және экология мәселелерін көтерді.
Көтерілген мәселелер арасында ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау жобаларын дамыту, балаларға арналған музыкалық академия құру, экологиялық технологияларды енгізу және қоғамдық көлікті жаңғырту ұсыныстары болды. Қала тұрғындары футбол стадионының құрылысы, жол қозғалысын ұйымдастыру, тұрғын үйлерді және оларға жақын аймақтарды күтіп ұстау туралы да сұрақтар қойды.
Сұрақтардың едәуір бөлігі тұрғын үй саласына қатысты болды. Алматы тұрғындары әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету, жекешелендіру шарттары, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету және мемлекеттік мүдде үшін жер учаскелерін алып қою тақырыптарын қозғады.
Сондай-ақ оқыңыз:
Әрбір өтініш бойынша салалық басқармалар мен аудандық әкімдіктер өкілдері түсініктеме берді. Қосымша зерттеуді қажет ететін мәселелер қолданыстағы заңнама шеңберінде тиісті қызметтер арқылы қаралатын болады.
деп хабарлайды ТҮКШ24 Алматы қаласы Әкімдігі сайтына сілтеме жасап.
Фото: gov.kz
13 қазан 2026
Астанада жастар ғимараттардың қабырғасындағы заңсыз граффитилерді өшірді
Астанада жастар заңсыз граффитилерді өшірді, акция Байқоңыр ауданында өтті.

Астана қаласында Байқоңыр ауданында «Құқық пен тәртіп» бастамасы аясында «Вандализмге жоқ дейміз» акциясы өтті. Іс-шараға қатысқан жастар мен еріктілер Абай көшесі бойынша ғимараттардың қабырғаларындағы заңсыз граффитилерді өшіріп тастады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Бұл шара Байқоңыр ауданының ішкі саясат бөлімі, аудандық полиция басқармасы және «Әділет» партиясының жастар қанаты - «Жастар рухы» ұйымымен бірлесіп ұйымдастырылды.
«Мұндай жазулар қаланың сыртқы келбетін бұзып қана қоймай, кейде заңсыз есірткі жарнамасын да қамтып жатады. Дәл осы себепті өз құрдастарымыздың қауіпсіздігі үшін біз осындай акцияларға қатысамыз, және қаламыздың таза әрі қауіпсіз болатынына үміттенеміз. Рұқсатсыз ғимараттарда сурет салатындарға айтарым: бір сәт ойлану керек. Бұл - өзгенің меншігі. Егер шығармашылықпен айналысқыңыз келсе, оған арнайы бөлінген жерлерде жүзеге асырыңыз», — деп атап өтті «Әділет» партиясының жастар қанаты — «Жастар рухы» кеңесшісі Диана Жолмұхамбетова.
Сондай-ақ оқыңыз:
Байқоңыр ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі басшысы Арман Баянбеков аудан бойынша вандализмнің алдын алу жұмыстары үнемі жүргізілетінін де баса айтты.
"Биыл біз полиция және еріктілер ұйымдарымен бірлесіп, есірткі жарнамасы бар граффитилерді анықтап, жою бойынша сегіз рет рейд өткіздік. Нәтижесінде 12 осындай жазу анықталып, өшірілді. Бұл бағыттағы жұмыс болашақта да жалғасатын болады", — деді Арман Баянбеков.
Аудан әкімдігі полиция және еріктілермен бірлесе отырып, вандализмнің алдын алу және заңсыз жазуларды жою жұмыстарын жалғастыруды көздеп отыр.
деп хабарлайды «ТКШ24» Астана қаласының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының сайтына сілтеме жасай отырып.
Фото: gov.kz