17 сентября 2026 г.
Шығыс Қазақстан облысында «жасыл» сутегі мен аммиак өндірісінің жобасы қолға алынады
Шығыс Қазақстан облысында «жасыл» сутегі мен аммиак өндірісінің жобасы қолға алынып, меморандумға қол қойылды.

Қазақстанда «жасыл» сутегі мен аммиак өндірісі бойынша жоба жүзеге асырылмақ. Қазақстан Президентінің Корея Республикасына мемлекеттік сапары барысында, Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі және YPP Corporation арасында Шығыс Қазақстан облысында «Жасыл энергетикалық кешен» жобасы аясында өзара түсіністік меморандумына қол қойылды.
Құжат сутекті энергетика және жаңартылатын энергия көздері саласындағы ынтымақтастықты дамытуға бағытталған, оның ішінде аналитикалық және зерттеу жұмыстарын жүргізу, тәжірибе және сараптамалық біліммен алмасу, сондай-ақ өзара әрекеттестіктің перспективалық бағыттарын бірлесе талқылау.
Меморандумда қарастырылған ынтымақтастық бағыттарының бірі аясында, жылына 1 ГВт жуық жаңартылатын энергетика нысандарымен жасалған энергетикалық кешенді іске асыру мәселесі қарастырылуда, бұл жылына 55 мың тоннаға дейін «жасыл» сутегі немесе 310 мың тоннаға дейін «жасыл» аммиак өндіруге бағытталған. Жобаның іске асырылуы мақұлданған жағдайда, алдын ала құны шамамен 2 миллиард АҚШ долларына бағаланады.
Құжатқа қол қою тараптардың жаңартылатын және сутекті энергетика саласындағы қазақстандық-корей ынтымақтастығын жалғастыру ниетін және осы саладағы перспективалық жобалар мен бастамаларды бірлесіп талқылау үшін жағдай жасауға деген ұмтылысын көрсетеді.
«Жасыл» сутегі металлургияда, химия өнеркәсібінде, энергетика және көлік саласында төмен көміртекті жанармай және шикізат ретінде қолданылады. «Жасыл» аммиак негізінен тыңайтқыштар өндіру, химия өнеркәсібінде қолданылады және халықаралық жеткізілімдер үшін төмен көміртекті энергия тасымалдаушы ретінде қарастырылады.
делінген Энергетика министрлігінің сайтына сілтеме жасаған ТҮКШ24 хабарламасында.
Фото: gov.kz