Барлық жаңалықтар

Қызылорда облысында жылыту маусымы басталды

Қызылорда облысында жылыту маусымы 5 қазаннан басталды. Премьер-министр отырысында өңірдегі жылыту жүйесінің жағдайы талқыланды.

Қызылорда облысында жылыту маусымы басталды

Қызылорда облысында жылыту маусымы басталды.

Бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен үкімет отырысы өтті. Күн тәртібінде жылыту маусымы және «Цифрлық Қазақстан» ұлттық стратегиясының іске асырылуы талқыланды. Премьер-министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Налибаев жылыту маусымының басталуына байланысты өңірлердегі жағдай туралы баяндады.

Кеңеске селекторлық режимде облыс әкімі Мұрат Ергешбаев қатысты.

Үкіметтік жиыннан кейін аймақ басшысы жылыту маусымының өткізілуі Президент Әкімшілігі мен Үкіметтің қатаң бақылауында екенін атап өтті. Сала басшылары өмірді қамтамасыз ететін кәсіпорындардың жұмысына күнделікті бақылау жасауға тиіс.

«Білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, сондай-ақ коммуналдық кәсіпорындар басқарушылары үйлер мен әлеуметтік нысандарға үздіксіз жылу, электр энергиясы, ауыз су және газ жеткізілуін қамтамасыз етуі керек.
Төтенше жағдайлар департаменті газбен улану және өрттің алдын алу бойынша тиісті шаралар қабылдауы, сондай-ақ әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерде өрт және газ қауіпсіздігі талаптарының сақталуын толықтай тексеруі тиіс. Барлық нысандар талаптарға сай болуы қажет», – деді Мұрат Нәлқожаұлы.

Жиында цифрландыру бағыты бойынша білікті мамандар мен ИТ, жасанды интеллект, ақпараттық қауіпсіздік және коммуникация саласындағы сарапшыларды тарту, кеңес жұмысын жоспарлау және барлық экономика салаларында перспективті цифрлық жобаларды іске асыруды жеделдету тапсырылды.

Халықаралық және аймақтық озық тәжірибені зерттеу, үздік жобаларды енгізу және «Цифрлық Қазақстан» стратегиясын іске асыруға барлық басқармалар, қала және аудан әкімдіктерін тарту қажет.

Сонымен қатар, Арал теңізінің құрғаған түбінде орман егу, каналдарды бетондау, әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үй сапасы және негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер талқыланды.

Айта кетерлік жайт, өңірде жылыту маусымы 5 қазан күні басталды. Қазіргі уақытта өмірді қамтамасыз ететін кәсіпорындар қалыпты режимде жұмыс істеуде. Жылыту жүйесіне 1074 әлеуметтік нысан мен 943 көпқабатты тұрғын үй кезекпен қосылуда. Сыртқы ауа температурасына байланысты, бекітілген кестеге сәйкес қазандықтар тұрақты жылу энергиясын береді.

Барлық әлеуметтік нысандар қажетті отын қорымен қамтамасыз етілген. Барлығы 80 мың тонна көмір қажет, оның 68 мың тоннасы тұрғындарға, 12 мың тоннасы – әлеуметтік нысандарға арналған.

ЖКХ24 Қызылорда облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының сайтына сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Фото: gov.kz