Все новости

Қазақстан мен Жапония энергетика саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Қазақстан мен Жапония энергетика саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Қазақстан мен Жапония энергетика саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов Жапонияның Экономика, сауда және өнеркәсіп вице-министрі Кэндзи Ямадамен кездесу өткізді. Кездесу барысында тараптар казақ-жапон энергетикалық және экономикалық саладағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен болашағын, сондай-ақ жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді әрі қарай қолдау мәселелерін талқылады.

Арнайы назар мұнай-газ саласындағы өзара іс-қимылға, соның ішінде мұнай өңдеу инфрақұрылымын дамыту, инвестициялар тарту және заманауи технологиялар енгізу мәселелеріне аударылды.

Ерлан Ақкенженов Қазақстанның технологиялық және инвестициялық әлеуеті зор жапон серіктестерімен ұзақ мерзімді ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі екендігін атап өтті. Өз кезегінде Қазақстан маңызды ресурстық әлеуетке, географиялық тұрғыдан тиімді орналасуы бар және ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасайтын мемлекет.

Келіссөздер барысында жаңартылатын энергия көздері және төмен көмірқышқылды даму саласындағы ынтымақтастықты дамытуға ерекше назар аударылды. Қазақстан жапондық компанияларды ЖЭК саласындағы жобаларды жүзеге асыруға және екіжақты климаттық және технологиялық бастамалар аясындағы ынтымақтастыққа тартуға мүдделі.

Тараптар, сондай-ақ, электр энергетикасын дамыту, энергетикалық инфрақұрылымды жаңғырту және энергиямен жабдықтау сенімділігін арттыру мәселелері жөнінде пікір алмасты.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар энергетика саласындағы қазақстан-жапон серіктестігін одан әрі нығайту және конструктивті диалогты жалғастыруға мүдделі екендіктерін растады. Энергетика министрлігі сайтының ақпаратына сүйене отырып, "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық 24" хабарлайды.

Фото: gov.kz

Последнее