6 августа 2026 г.
Астанада Құрылысшылар күні қарсаңында құрылыс саласының үздік мамандары марапатталды
Астанада Құрылысшылар күніне орай мамандар марапатталды, елорданың дамуына үлес қосқан құрылысшыларға алғыс хаттар табыс етілді.

Астанада Құрылысшылар күніне орай құрылыс саласының мамандарын марапаттау рәсімі өтті.
Салтанатты шара барысында елорда құрылыс секторының дамуына ерекше үлес қосқан мамандарға Астана қаласы әкімінің, қала әкімінің орынбасарының және елордалық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы басшысының атынан алғыс хаттар табыс етілді.
Кездесу барысында құрылысшылардың елорда дамуына қосқан үлесі ерекше аталып өтті. Салалық жұмыскерлерге тұрғын үйлерді, әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысандарын тұрғызғаны үшін құрмет көрсетілді.
Астана қаласы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Ғани Тәжиев құрылысшылар еңбегінің қаланың қарқынды дамуы мен тұрғындардың жайлы өміріне тікелей әсер ететінін атап өтті.
«Құрылысшылар күні — біз үшін ерекше мереке. Осы мереке құрметіне біз елорданың өркендеуіне үлес қосып жүрген ірі құрылыс компанияларының өкілдерін арнайы шақырып, олардың еңбегін бағаладық. Бүгінде Астанада жаңа тұрғын үйлер мен түрлі нысандар салынуда. Мұның бәрі құрылысшылардың қажырлы еңбегінің жемісі. Жаңа Құрылыс кодексіне сәйкес сапалы және қауіпсіз нысандарды салуға басымдық беріледі. Құрылыс қауымдастығы бұл бағыттағы жұмыстарды толығымен қолдайды», — деді Ғани Тәжиев.
Шара соңында марапатталушылар көрсетілген құрмет үшін алғыс білдіріп, әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтады. Олар сондай-ақ сапалы жұмыс жүргізіп, елорда дамуына үлес қосуды жалғастыруға дайын екендіктерін жеткізді.
деп хабарлайды ТҚК24 Астана қаласы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының сайтына сілтеме жасап.
Фото: gov.kz
