Все новости

Қазақстан мен Чехия коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан мен Чехия коммуналдық инфрақұрылым бойынша ынтымақтастықты кеңейтуде, заманауи технологиялар мен цифрландыруға көңіл бөлінді.

Қазақстан мен Чехия коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан мен Чехия коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту саласындағы бірлескен жобаларды дамытуда. Қазақстан тарапынан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінде вице-министр Қуанышбек Кажкеновтың Чех Республикасы делегациясының басшысы, қоршаған орта министрінің орынбасары Мартин Вайсспен кездесуі өтті.

Кездесуге сондай-ақ құрылыстар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық комитетінің, «Қазцентр ТҮКШ» АҚ және Чех Республикасының мемлекеттік органдарының, сонымен қатар су шаруашылығы және коммуналдық инфрақұрылым саласындағы ғылыми-зерттеу ұйымдарының өкілдері қатысты.

Тараптар сумен жабдықтау және канализация жүйелерін жаңғырту, сондай-ақ тазарту құрылғыларын салу және жаңарту бойынша ынтымақтастық перспективаларын талқылады. Талқылаулар барысында коммуналдық салада заманауи технологиялық және цифрлық шешімдерді енгізуге ерекше назар аударылды.

Қуанышбек Кажкенов суды жабдықтау және канализация қызметтерінің сапасын арттыру министрліктің басымдықтарының бірі екендігін атап өтті. Ол сонымен қатар, қазіргі уақытта коммуналдық инфрақұрылымды жаңартуға және қолданыстағы желілер мен нысандардың тозуын төмендетуге ерекше көңіл бөлініп отырғанын айтты.

«Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» Ұлттық жобасы аясында шамамен 8 мың км сумен жабдықтау және канализация желілері жаңғыртылып, 45 канализациялық тазарту жобасы жүзеге асырылмақ.

Чех тарапы суды бақылау және сапасын қамтамасыз ету, ағынды суларды тазарту, су шаруашылығы нысандарын жобалау және пайдалану, сорғылар жабдықтары, сондай-ақ BIM және цифрландыру аспектілері, канализация желілері мен құбырлардың диагностикасы саласындағы өз әзірлемелерін ұсынды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту саласындағы бірлескен бастамаларды пысықтауға қызығушылық танытқандарын білдірді, деп хабарланды.

Фото: gov.kz

Последнее